Жарияланған күні: 22.02.2022 17:42
Өзгертілген күні: 22.02.2022 17:35

Ағымдағы жылғы 21 ақпанда Тегеран қаласында (Иран Ислам Республикасы) Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның (бұдан әрі – ҮАК) 17- отырысы өтті.

ҮАК отырысы шеңберінде Әли Алтынбаев мырза мен Алирез Могхаддаси мырзаның екіжақты кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар кедендік ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша бірқатар мәселелерді, атап айтқанда, «e-TIR» жобасын кеңейту және оны теңіз учаскесін пайдалана отырып Өзбекстан – Қазақстан  – Иран бағыты бойынша іске асыру, уәкілетті экономикалық операторларды өзара тану, кеден органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға оқыту және көмек көрсету және т.б. мәселелерді талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елдер арасындағы кедендік ынтымақтастық достық негізде құрыла беретініне, ал қабылданған шешімдер жан-жақты өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

Сондай-ақ, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Әли Алтынбаев ҚР Қаржы министрлігі атынан және Иран Экономика және Қаржы министрінің орынбасары, Кеден қызметінің президенті Алиреза Могхаддаси мырза тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасу туралы хаттамаға қол қойды.

Хаттама жасасу Тараптардың кеден органдарына мынадай мақсаттарға қол жеткізу үшін алдын ала мәліметтер алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді:

- Тараптар мемлекеттерінің кеден органдарында тауарларды кедендік рәсіммен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасауды жеделдету;
- кедендік операциялар мен кедендік рәсімдерді жасау үшін қажетті құжаттар санын қысқарту;

- тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тауарлар туралы ақпаратты талдау негізінде тауарларды кедендік бақылаудың нысандары мен әдістерін қолдануды азайту.

Хаттамаға қол қойылғаннан кейін Тараптардың кеден органдары ақпарат алмасудың техникалық шарттарын әзірлейді және пилоттық жобаға кіріседі.

Кейіннен алдын ала ақпарат алмасу тұрақты негізде онлайн режимінде электрондық түрде жүргізілетін болады.