Жарияланған күні: 29.12.2021 09:44
Өзгертілген күні: 29.12.2021 09:57

Қосылған құн салығын қайтару тәртібін жетілдіру және оңайлату, сондай-ақ Ресей Федерациясының тәжірибесіне ұқсас (АӨК саласындағы Хартия) астық айналымы кезінде «сұр» схемаларды жою мақсатында 2021 жылғы 17 қарашада «Астық нарығына қатысушыларға қосылған құн салығының асып кеткен сомасын оңайлатылған түрде қайтару жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығына қол қойылды.

Пилоттық жоба ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан бастап іске асырылуда, оның қатысушылары:

1) ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;

2) мемлекеттік кірістер органдары;

3) астық айналымы саласында Меморандум жасасқан астық нарығына қатысушылар.

Пилоттық жоба Меморандумға қатысушының таңдауы бойынша екі нұсқада:

1) талап ету сомасына банктік кепілдік болған кезде 15 (он бес) жұмыс күні ішінде;

2) банктік кепілдік болмаған жағдайда күнтізбелік 100 (жүз) күн ішінде ҚҚС қайтаруды көздейді.

Қосылған құн салығының асып кеткен сомасын қайтарудың қолданыстағы тәртібінде салық төлеушінің айналым сомасына байланысты 155 күнтізбелік күнге дейін мерзім бекітілген.

Сондай-ақ, камералдық бақылау жүргізу барысында Меморандумға қатысушыларға салықтық бұзушылықтарын дербес жою құқығы беріледі, ал ҚҚС-ты қайтарудың қолданыстағы тәртібінде мұндай мүмкіндік көзделмеген.

Бұдан басқа, салықтық бұзушылықтардың болуы туралы мәліметтермен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының базасында ақпараттық ресурс құрылады, бұл Меморандумға қатысушыларға мынадай мүмкіндіктерді береді:

1. Мәмілелер жасалғанға дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтында тиісті ақпаратты сұрату арқылы контрагентті таңдау туралы ақпараттық талдаудан өткен шешім қабылдауға.

2. Мәмілелер жасалғаннан кейін:

* салық органынан камералдық бақылау нәтижелері бойынша контрагенттердің салықтық бұзушылықтары бойынша алдын ала мәліметтер алуға;

* астық нарығына қатысушылармен өзара іс-қимылды жедел реттеуге мүмкіндік береді;

* контрагенттер анықталған салықтық бұзушылықтарын жоймаған жағдайда, олар туралы ақпарат белгіленген алшақтықты ерікті түрде түзетуді ынталандыру үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараттық ресурсында орналастырылатын болады.

Меморандум жасасу ерікті болып табылады, қағидалар тек ұсынымдық сипатта болады және міндетті болып табылмайды.

Астық нарығына қатысушылардың Меморандумға қол қоюы  бұл саланы сауықтыруға және жосықсыз бәсекелестік факторларын жоюға бағытталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы нарығындағы заңсыз әрекеттерге қарсы іс-қимыл бойынша мемлекет пен бизнестің бірлескен саясатының бастауы болып табылады.