ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ
07.09.2015ж.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына баспасөз релизі
2015 жылғы 7 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде 100 қадамды іске асыру бойынша Ұлт жоспары шеңберінде әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасына таныстырылым өткізілді.
Аталған Заң жобасы банкроттық процесіндегі қолдағы бар бизнесін сақтап қалудың баламалы әдістерін енгізуді болжайды:
- банкроттық рәсімінің кез келген сатысында таратылудан оңалтуға көшу мүмкіндігі;
- борышкер мен кредитор арасында бітімгершілік келісімді жасасу;
- банкроттың компаниясын сату және меншік иесін ауыстыру.
Банкроттықтың алдын алу мақсатында қолдағы бар өндірісті сақтап қалудың жаңа тәсілі ұсынылған, ол – борышкер мен кредиторлар арасында төлем қабілетсіздігін келісім жасасу жолымен реттеу.
Бұл тетіктің ерекшелігі, борышкерге осындай келісімнің қолданылу кезеңінде барлық берешек түрлері бойынша өсімпұлдарды, айыппұлдарды есептеуді тоқтату сияқты мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Бұдан басқа, оңалту және банкроттық рәсімдерін өткізудің ұзақтығы мәселесін шешу үшін Заң жобасымен:
- аталған рәсімдер ішіндегі барлық сот дауларды қарау бір судьяға белгілеу;
- оңалту және банкроттық кезінде барлық сот актілерін апелляциялық сатыда шағымдануды шектеу;
- борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімін дереу орындауды айқындау ұсынылады.
Жоғарыда аталған шараларды іске асыру қолдағы бар өндірісті, жұмыс орындарын барынша сақтап қалу, сондай-ақ оңалту және банкроттық рәсімдерін өткізу мерзімдерін қысқартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ҚР ҚМ МКК Баспасөз қызметі