
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ
10.08.2015ж.
БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
Ағымдағы жылғы 6 тамызында Смоленск қаласында Ресейдің Федералды кеден қызметінің Орталық кеден басқармасының кеден органдары арасында «Золотой кадуцей» атты жыл сайынғы өнер фестивалі өтті.
Ресейдің ФКҚ-ның басшысы А.Ю. Бельяниновтың шақыруымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер органдарының өкілдері Фестивальдің Гала-концертіне қатысып қайтты. Сондай-ақ, Қырғыз Республикасы мен Белорусь Республикасының кеден қызметтерінің өкілдері де аталмыш Фестивальдің қонақтары болды.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін театрдың алдында ашық аспан астында Фестивальдің қатысушылары мен қонақтарының концерті болды. Концертті қала тұрғындарымен қатар, Смоленск қаласы Губернаторының міндетін уақытша орындаушы А.В. Островский, ФКҚ Басшысының бірінші орынбасары В.М. Малинин, Орталық кеден басқармасының бастығы С.Н. Прусов тамашалады.
Концерттің бірінші бөлімі Ұлы Жеңістің 70-жылдығына арналды. әскери әндердің жиынтығын жаңа эстрадалық өңдеуде домбырамен күмбірлете орындаған Алматы облысы бойынша МКД "Қорғас - Шығыс қақпасы" АЭА бақылау-өткізу пунктінің бас маманы Бауыржан Батырғалиұлы Әбілбековтің өнеріне тәнті болған Смоленск көрермендері ду қол шапалағын аямай жаудырды. "Ризамын" атты күрделі патриоттық әнмен сахнаға шыққан Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы Гүлмира Исабекованың орындау шеберлігі көрерменді бір таңдандырса, аса зерлі ұлттық киімі талдырмаш қыздың сән салтанатын арттырып, ұлттық киіміміздің мәртебесін көтерді.
Гала-концерттің екінші бөлімі А.Грибоедов атындағы Смоленск драма театрының сахнасында жалғасты. Фестивальдің жүргізушілері Гала-концерттің кезекті қатысушысын хабарлағанда, залда ерекше тыныштық орын алып, көрермендер ұйып тыңдады:
"Нұрсұлатан Әбішұлы Назарбаевтың сөзіне жазылған, Бекболат Тілеухановтың әні "Елім менің", орындайтын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Мұрат Сәменов".
Мұраттың жібек дауысы мен атақты әннің жаңа өңдеуі көрермендер жүрегіне жол тапты.
"Бағдарламаның тұғыры" - Гала-Концерттің соңғы әні ретінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Заң басқармасының бас сарапшысы Әсел Оразбайқызы Әлжанованың "A Million Voices" әні таңдап алынды. Бұл Әселдің үлкен сахнаға алғаш шығуы еді, алғаш қадамы халықаралық сахнадан бастау алды.
Фестивальдің қорытындысы бойынша Гала-Концертке қатысқан барлық кеден қызметтерінің өкілдері Фестивальдің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтармен марапатталды.
ҚР ҚМ МКК Баспасөз қызметі