
Қазіргі уақытта Жетісу облысының Жаркент ауданындағы «Алтынкөл» стансасы еліміздің оңтүстік шығысындағы Еуропа мен Азияның арасын жалғастырып тұрған ең үлкен темір жол өткелі болып табылады. Себебі, «Алтынкөл» стансасы құрылған он жылдан астам уақыт ішінде екі ел арасындағы көлік қатынасы мен тауар айналымы бірнеше есеге артып отыр. Атап айтсақ, үстіміздегі жылдың бес айының ішінде екі ел арасындағы көлік қозғалысы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 131 пайызға, экспорттық потенциал 279 пайызға, транзиттік тауар тасымалы 20 пайызға артты. Сонымен қатар импортталған тауардың кедендік құны 466 миллион 492 мың (салмағы 131 752 т), экспортталған тауардың кедендік құны 4 миллиард 325 миллион (салмағы 1 849 840 т), транзиттік тауардың кедендік құны 10 миллиард 410 миллион доллардан (салмағы 2 168 459 т) асты. Бұған қоса аталмыш теміржол өткелі арқылы тауар тасымалдауға мүдделі елдердің саны қырықтан асқанын айта кеткеніміз артық болмас. Оның ішінде ТМД елдері ғана емес, дамыған Европа мен Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері де бар. Мысалы, экономикасы дамыған Швеция, Швейцария, Франция, Финляндия, Чехия, Словакия, Сингапур, Италия, Австрия, Германия, Норвегия, Испания, Италия, т,б. елдерге жөнелтілетін транзиттік тасымал да күн сайын артып келеді.
Осы орайда 8 маусым күні «Алтынкөл» стансасы мен «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің жұмысымен танысуға Қытай халық республикасынан арнайы делегация келіп, бекеттің инфрақұрылымымен танысты. Делегация құрамында Бас консул Цзян Вэй, сауда-экономикалық сұрақтар бойынша консул Люй Аньци, сондай-ақ біздің еліміз тарапынан Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласы өкілдігі басшысының орынбасары Исламбек Раимов, министрдің кеңесшісі Руслан Искаков болды. Кездесу барысында делегация мүшелерін Қазақстан темір жолы Алматы ЖШС филилалы жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы Нұрым Жаниязов пен «Алтынкөл» стансасының директоры Қуаныш Жақсыбек темір жол өткелінің перспективалық даму жоспарларымен таныстырса, Жетісу облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Баймулдинов пен «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің басшысы Арман Қожасбаев кедендік тексеру мен рәсімдеу шараларындағы интеграциялық үйлесім, электрондық декларациялау және тәуекелді басқару процестері туралы айтып өтті. Кездесу барысында болашақта екі ел арасындағы сыртқы экономикалық қатынастар негізінде транзиттік әлеуетті дамытуға, инвестициялық жобаларды көбейтуге және кейбір проблемалық мәселелерге байланысты өзекті әңгімелер қозғалды. Сондай-ақ делегация «Алтынкөл-жол» кеден бекетінен кейін «Нұр жолы» және шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы (МЦПС) «Қорғас» кеден бекеттерінің де жұмыстарымен танысты.
Бекен Нұрахметов,
Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті
«Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары.