Жергілікті өкілетті органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге базалық жер салығының мөлшерлемесін он еседен асырмай арттыруға құқығы бар (СК 509-б. 4-т.).

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы есепті жылдан кейінгі әрбір жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша айқындайтын салық салу объектілерінің құны жеке тұлғалар үшін тұрғынжайлар, саяжай құрылыстары, гараждар бойынша салықтық база болып табылады (Салық кодексінің 529-б.1-т.).

Жер учаскесіне арналған сәйкестендіру құжаттары болмаған жағдайда пайдаланушыны жер учаскесіне қатысты жер салығын төлеуші ретінде тану үшін: 

1) жер учаскесі мемлекеттік меншіктен берілген кезде – мемлекеттік органдардың жер учаскесін беру туралы актілері;

2) қалған жағдайларда – азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздерде осындай учаскені іс жүзінде иелену және пайдалану негіз болып табылады (СК 499-б.3-т.).

Жер салығын айқындау үшiн жер учаскесiнiң және (немесе) жер үлесінің алаңы, ал мүлік салығы бойынша – мүлікті бағалау құны салықтық база болып табылады.

Көлік құралы салығын есептеуді салық төлеушілер өз бетінше мынадай сервистерге өтіп: «Электрондық сервистер» - «Калькулятор» - «Көлік салығын есептеу» деген парақшалардан немесе https://kgd.gov.kz/ru/calc/transports деген тікелей сілтеме бойынша өтіп, http://www.kgd.gov.kz порталын пайдаланумен жүргізуі мүмкін. Автоматты есептеуді жүргізу үшін тиісті ашық жолдарды толтырыңыздар.

Көлік құралдарының тіркемелері көлік құралы салығын салу объектісі болып табылмайды.

Көлік құралы салығының сомасы меншік құқығы алынған айдың 1-күнiнен бастап салық кезеңiнiң соңына дейiнгі кезең үшін есептеледі. Тиісінше, сіздің жағдайыңызда көлік салығын бес ай үшін: ағымдағы жылғы тамыздан желтоқсанға дейін төлеу қажет.

Сіздің меншік құқығыңыз екі жақты мәміле жасалған және уәкілетті органда тіркелген негізінде ғана тоқтатылады, автомобильді басқа тәсілдермен сату (сенімхат бойынша не сақтандыру бойынша) меншік құқығын тоқтатпайды.

Тиісінше, салықтар ресми түрде уәкілетті органда тіркелген автокөліктің меншік иесіне есептеледі. Бұл ретте сенімхат бойынша көлік құралын беру Азаматтық кодексінің нормаларына сәйкес мүлікті иеліктен айыру мен меншік құқығын беру болып табылмайды, тек меншік иесінің атынан оны басқаруға немесе мүдделерін білдіруге ғана құқық береді.

Салық кодексінің 101-бабы 5-тармағына сәйкес салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың артық төленген (өндіріп алынған) сомасы басқа салық төлеушінің салықтық берешегін өтеу есебіне есептеуге жатпайды. Бұл адам сомасын қайтару туралы салықтық өтініш бере алады.

Салықты тұрғылықты жері бойынша бюджетке төлеуі қажет, деректемелерін тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына не 1414 телефоны арқылы Байланыс орталығына хабарласып алуға болады.

Жеке тұлғалар салық төлеуді тұрғылықты (тіркелген) жері бойынша  жүргізеді.

Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Салық кодексінде салық міндеттемесін орындаудың мерзімі өткен әрбір күн үшін бересі сомасына өсімпұл сомасын есептеуді қоспағанда, айыппұл санкциялары белгіленбеген.

Жеке тұлғалар бюджетке:

- жер салығы мен мүлік салығын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей;

- көлік салығын есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей төлейді.