Date of publication: 17.02.2015 00:31
Date of changing: 15.07.2015 10:25

17-бап. Осы Кодексте реттелетін салықтық қатынастарда өкілдік ету

1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, салық төлеуші (салық агенті) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға заңды немесе уәкілетті өкілі арқылы қатысуға құқылы.

Осы Кодекстің 571-бабының 4-тармағына сәйкес салық органының шешімімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен алып тасталған салық төлеуші қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаған кезеңде осындай салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша салық есептілігін табыс еткен жағдайда осы тармақтың ережесі қолданылмайды.

2. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) атынан өкілдік етуге уәкілеттік берілген тұлға салық төлеушінің (салық агентінің) заңды өкілі болып танылады.

3. Салық төлеушi (салық агентi) салық органдарымен, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетiн қатынастарға өзге де қатысушылармен қатынастарда өз мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттiк берген жеке немесе заңды тұлға салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) уәкiлеттi өкiлi болып танылады.

Салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) - жеке тұлғаның, оның iшiнде дара кәсiпкердiң уәкiлеттi өкiлi нотариаттық куәландырылған сенімхат немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мұндай салық төлеушi (салық агентi) берген нотариаттық куәландырылғанға теңестiрiлген сенімхат негiзiнде әрекет етедi, онда өкiл өкiлеттiктерiнiң нақты тiзбесi көрсетiледi.

Салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) - заңды тұлғаның не заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесiнiң уәкiлеттi өкiлi мұндай салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) құрылтай құжаттары және (немесе) оның Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берiлген сенімхаты негiзiнде әрекет етедi, онда өкiл өкiлеттiктерiнiң нақты тiзбесi көрсетiледi.

4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға салық төлеушінің (салық агентінің) жеке өзінің қатысуы оны өкіл алу құқығынан айырмайды, сол сияқты өкілдің қатысуы салық төлеушіні (салық агентін) көрсетілген қатынастарға жеке өзінің қатысу құқығынан айырмайды.

5. Салық төлеуші (салық агенті) өкілінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға сол салық төлеушінің (салық агентінің) қатысуына байланысты жасаған іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) салық төлеушінің (салық агентінің) аталған өкілге осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжаттардың негізінде берген өкілеттіктері шеңберіндегі іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) болып танылады.

ТҮСІНІКТЕМЕ

Өкілдік ондағы бар өкілеттіктің негізінде басқаның (өкілдіктің) атынан оған тікелей құқық және міндеттеме бере отырып, осыларға сәйкес бір тұлғаның (өкілдіктің) құқықтық қатынастары болып табылады. Өкіл ұсынып отырғандарының атынан әртүрлі мәмлелер жасай алады (сатып алу-сату, жалға беру, тұрғын үй алаңын және т.б. ауыстыру).

Салық заңнамасының мақсатында түсіндіріліп отырған бап өкілдіктің жекелеген тәртіптерін, салық төлеушілердің салық заңнамасымен реттелетін қатынастарға сәйкес заңды және уәкілетті өкілі болып қатысу мүмкіндіктерін белгілейді.

Салық органының шешімімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен алып тасталған салық төлеуші қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаған кезеңде, осындай салық төлеуші тиісті тәртіпте қосылған құн салығы бойынша салық есептілігін табыс ету жағдайы осы баптың ерекшелігі болып табылады.

Салық заңнамасының шеңберінде заңды өкіл болып, заңдық нормалардың негізінде мүдделерді қорғауға құқық берілген тұлғалар танылады.

Мысалыға, қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес ондай тұлғалар сезiктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары, сондай-ақ сезiктiнi, айыпталушыны немесе жәбiрленушiнi қорғап немесе асырап отырған ұйымдар мен адамдардың өкiлдерi болып табылады. Осыған ұқсас ереже Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексімен және Азаматтық іс жүргізу туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделінген.

Осылайша, жоғарыда көрсетілген тұлғалар көрсетілген қатынастарда заңды өкілдері ретінде тиісті салық төлеушілердің мүдделерін қорғауға құқылы.

Салық төлеушілердің өкiлдерi мынадай тәртіпте мүдделерді қорғау құқықтарына иелік етеді.

Сонымен, жеке тұлғалардың уәкілетті өкілдері нотариалды куәландырылған сенімхаттың немесе нотариалды куәландырылғанға теңестірілген сенімхаттың негізінде әрекет етеді. Нотариалды куәландырылғанға теңестірілген сенімхаттың тізбесі азаматтық заңнамамен белгіленген.

Заңды тұлғалардың немесе заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің уәкілетті өкілдері үшін мүдделерді қорғау құқығы осындай салық төлеушінің (салық агентінің) құрылтайшылық құжаттарымен және (немесе) оның сенімхатымен куәландырылады.

Түсіндіріліп отырған баптың мақсатында сенімхат азаматтық заңнамаға сәйкес рәсімделуге жатады және өкілдің нақты өкілеттігінің тізбесі жазылып көрсетілуі керек.

Жазылғандарға қоса айтсақ, заң шығарушы таңдау құқығын белгілеген, осыған сәйкес салық төлеуші салық заңнамасымен реттелетін қатынастарға өзінің және өзі сияқты өзінің өкілі арқылы да қатысуға құқылы. Бұл ретте, осы баптың шеңберінде өкілдің болуы көрсетілген қатынастарға салық төлеушінің өзінің қатысуынада шектеу қоймайды, салық төлеуші өзі дербес қатысып отырғаны сияқты, оны өкілі арқылы әрекет ету құқықтарынан айырмайды.

Бұл ретте, түсіндіріліп отырған норма салық төлеушінің атынан заңды және уәкілетті өкілдерінің айқындалған әрекеттерді жасағанын білдіреді, осыған байланысты осындай жасалған іс-әрекеттер тікелей салық төлеушінің өзінің әрекеттері деп танылады.